Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай,
Табанымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай.
Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, сәулем-ай,
Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп, сәулем-ай.
А-хоу,
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң – сәулемсің,
Жаман болсаң – әуремсің.
Ағынан да алманың көгі жақсы, сәулем-ай,
Барынан да жаманның жоғы жақсы, сәулем-ай.
Бір сөз айтсаң жаманға, теріс қарар, сәулем-ай,
Қорғасындай балқыған қайран жақсым, сәулем-ай.
А-хоу,
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң – сәулемсің,
Жаман болсаң – әуремсің.
Сен де сері сәулем-ай, мен де сері, сәулем-ай,
Шын сүймесең, көңілімді бермес едім, сәулем-ай.
Томағасын алдырған лашындаймын, сәулем-ай,
Сен болмасаң, бұл жерге келмес едім, сәулем-ай.
А-хоу,
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң – сәулемсің,
Жаман болсаң – әуремсің.
Халық әні
«Сәулем-ай» – халық арасына кең тараған әсем әндердің бірі. Музыкалық туынды сезімді қозғайтын сыршылдығымен, ойлылығымен әрі ойнақылығымен ерекшеленеді. Мән-мағынасы терең, әуезді ән үлкен сахналарда, халық арасында үзбей шырқалып келеді.