ОТЫЗДАН АСЫП БАРАМЫН

Сұқтанып тұрып жанарың.
Сұрыма неге қарадың?
Солай да, солай қарадың,
Отыздан асып барамын.

Шашымның санап әр ағын,
Тәңірқай берме, қарағым.
Санаулы басқан әр адым,
Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламың,
Қуарып кейде қаламын.
Қартайған ата-анамның,
Артынан еріп барамын.

Белгісі тұр ма ағаның,
Бетіме неге қарадың?
Бақытын тілеп баланың,
Отыздан асып барамын.

Әзілің қайда, қарағым,
Әжімге несін қарадың?
Артымда қалып аларым,
Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламың,
Қуарып кейде қаламын.
Қартайған ата-анамның,
Артынан еріп барамын.

Солай да, солай қарағым,
Көңілдің таппай қалауын.
Жастықтың жықпай жалауын,
Отыздан асып барамын.

Сұқтанып тұрып жанарың.
Сұрыма неге қарадың?
Солай да, солай қарадың,
Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламың,
Қуарып кейде қаламын.
Қартайған ата-анамның,
Артынан еріп барамын.

Похожие записи